Автор

Үкімет отандық ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілерді қолдау құралдарын қайта қарады

Қазір астық жинау және жем-шөп жинау комбайндарының 15-тен астам брендін шығаратын 8 зауыт жұмыс істейді.

Машина-трактор паркін жедел жаңарту және жергілікті ауыл шаруашылығы машиналарын жасау кәсіпорындарын дамыту тетігі әзірленді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, Қазақстанда аналогтары шығарылатын шетелдік ауыл шаруашылығы техникаларына субсидия беруден бас тартуды көздейтін құжат қабылдады.

Қазіргі уақытта елімізде түрлі қуаттылықтағы және модификациядағы трактор, астық жинау және жем-шөп жинау комбайндарының 15-тен астам брендін шығаратын 8 зауыт жұмыс істейді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша отандық өндірушілер 113,5 млрд теңгеге 5 418 трактор, 99,1 млрд теңгеге 1 032 комбайн шығарды.

Бұған дейін импорттық және отандық техникаға берілетін субсидиялар көлеміндегі айырмашылық шетелдік өндірушілердің пайдасына болды. Мәселен, өтемақылар көлемінің 28,3%-ы жергілікті кәсіпорындарды қолдауға, 41,9%-ы импортқа жіберілді. Аталған тәсіл қазақстандық зауыттардың өнімдерін сату көлемін азайтты. Жаңа тетік бойынша шетелдік өндірушілерді субсидиялау үлесі шашамен 7 есеге – 6,5%-ға дейін төмендетілетін болады, бұл ретте отандық өндірушілердің үлесін 63,7%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Премьер-Министр Олжас Бектенов өңірлерге жұмыс сапары барысында өзгерістер енгізу қажет екенін атап өтті: республика аумағында кәсіпорындарын локализациялау үшін шетелдік техника өндірушілеріне басымдық беріледі. Бұл бағытта Kazrost engineering Ltd, Claas және басқалары табысты іске асырылды. Осылайша, 2021 жылы "СТ ЭСЭМБЛИ" кәсіпорнында TUCANO 450 және TUCANO 580 комбайндарын сынақтан өткізу басталған кезде Claas-пен арнайы инвестициялық келісімшартқа қол қойылды. 2 жылдан кейін жергілікті өндірушілердің компоненттерін "Агромаш Холдинг" АҚ, "ШығысМаш Завод", "Райманн" ЖШС жеткізе бастады. Кәсіпорында 2023 жылы 246 бірлік өздігінен жүретін техника және 158 тіркеме техника құрастырылды. Биыл тракторлар қатары жаңартылып, кеңейтілді. Зауыт іске қосылған сәттен бастап өндіріспен қамтамасыз етілген жұмыс орындарының саны 2 есеге артты – қазіргі таңда кәсіпорында 73 қызметкер жұмыс істейді.

Шетелдік ауыл шаруашылығы техникасын субсидиялауды алып тастаудың Қазақстанда өндірісі жолға қойылмаған позицияларға, атап айтқанда қант қызылшасын, мақта өндіруге, картоп, жеміс-көкөніс т.б. жинауға мамандандырылған техникаларға қатысы жоқ. Бұл жағдайда өндіріс еліне қарамастан 25% деңгейінде субсидиялау нормативі қарастырылған. Жалпы, қазақстандық ауыл шаруашылығы машинасын жасау кәсіпорындары қазіргі таңда нарықтың 85-90%-ын қамтиды. Бұл ретте елімізде шаруалардың шамамен 90%-ын шағын және орта фермерлер құрайды, олар үшін жеңілдікті лизингтік құралдар мен қолжетімді техника машина-трактор паркін жаңартуға мүмкіндік береді.

Сурет:wikipedia.org