Автор

Мемлекет басшысы Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевты қабылдады

Президентке Парламент Сенатының реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жұмыстарының өткен айлардағы қорытындысы және алдағы кезеңге арналған жоспары жөнінде мәлімет берілді.

Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, Мемлекет басшысының елімізді және өңірлерді дамытуға бағытталған тапсырмаларының жүзеге асырылуы Сенат үшін негізгі басымдық саналады.

Қазіргі уақытта әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, трансферттік баға белгілеу, халықтың көші-қоны, байланыс және цифрландыру, ғылым және білім мәселелеріне қатысты заңдар сенаторлардың қарауында жатыр. Ал сенаторлар ғылым, сот жүйесін реформалау, органикалық өнімдердің айналымы, қауіпсіз еңбек жағдайын жетілдіру және жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау жөніндегі 10 заң жобасын Мәжілістің қарауына ұсынды.

Биыл Бюджет, Құрылыс, Су, Салық және Цифрлық кодекстерін, сондай-ақ «Мемлекеттік сатып алу туралы», «Масс-медиа туралы» және «Жылу энергетикасы» туралы заң жобаларын қарау жоспарланып отыр.

Сенат Төрағасы Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Қазақстанның Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттары мен міндеттерінің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі парламенттік комиссияның жұмысы туралы баяндады.

Бұған қоса, Президентке Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының қызметі таныстырылды. Қазіргі кезде Съезді дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған тұжырымдамасы жүзеге асырылып жатыр.

Спикер Мәулен Әшімбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Сенаттың мәслихат депутаттарымен арадағы жұмысы жандана түскенін айтты. Бұл іске «Өңір» депутаттық тобы мен Сенат жанындағы жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңес белсенді атсалысуда.

Биыл еліміздегі мәслихат институтының құрылғанына 30 жыл толады. Осыған орай сәуір айында халықаралық конференция өткізу жоспарланып отыр.

Кездесу соңында Президент елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды заңнамалық тұрғыдан қолдаудың рөлі зор екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтардың дамуына барынша көмек көрсету мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты деп санайды. Оның пікірінше, бұл іске жергілікті өкілді органдардың депутаттарын кеңінен тарту қажет.