Автор

Шетелдік студенттер Абайдың әндерін жатқа біледі

Шетелден келетін студенттердің көбі медицина кафедрасында білім алады.

Көкшетауда білім алатын шетелдік студенттер қазақ тілін үйреніп жүр. Тіпті кейбірі Абай шығармаларын жатқа біледі, деп хабарлайды 24KZ.

Енді олар қазақтың музыкалық аспаптарына да ден қоя бастаған.

Пәкістаннан келген Файз Әли музыкаға бала күнінен ғашық. Сабақтан тыс уақытында вокалға барады. Қазақ әндерімен қоса домбыра тартуды үйреніп жүр. Әсіресе Абайдың шығармашылығына қатты әуес. Өлеңдерін оқып, әндерін айтады.

"Қазақ тіліне деген қызығушылық бірінші курстан басталды. Қазақ тілі сабағы маған ұнады. Мен университеттегі вокал студиясына жазылдым. Маған Абай Құнанбаевтың әндері ұнайды. "Көзімнің қарасы" және "Желсіз түнде жарық ай" әндерін айтып, көптеген облыстық, қалалық байқауларға қатыстым", — дейді студент Файз Әли.

Ал Сабрина Мухабатидің Көкшетауға келгеніне екі ай да өтпеген. Соған қарамастан қазақша 300-ге тарта сөз жаттап алған. Қазақ тілі мен парсы тілінің ұқсастығы көп. Сол себепті тіл меңгеру аса қиынға соқпады, дейді.

"Біз өзіміз бірінші ағылшын тілін оқып алдық. Сосын ағылшын тілімен салыстыра отырып, оларды қазақ тіліне үйретіп, қызықтыра оқытамыз. Оның үстіне біз көбіне коммуникативті дағдыларын дамытуға баса көңіл бөлеміз. Біз ең бірінші сөздерді жаттатқызамыз. Сол сөздерден сөз тіркестерін құрастырамыз. Содан сөйлем құруға үйретеміз", — дейді Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің аға оқытушысы Анар Боқаева.

Шетелден келетін студенттердің дені медицина кафедрасында білім алады. Болашақ дәрігерлердің сөзінше, қазақстандық білім жүйесінің мәртебесі жоғары. Себебі университеттердегі оқу бағдарламасы жылда жаңартылып, заман ағымынан қалмайды.

"Бізде 757 бала оқиды. Соның 331-і ағылшын тілінде білім алады. Шетелдік студенттердің 95%-і Үндістаннан келген. Бангладеш, Пәкістан мен Ауғанстанның балалары да бар. Осы студенттердің 8-і "Болашақ" бағдарламасы аясында оқып жатыр", — деп мәлімдеді Жоғары медицина мектебінің директоры Светлана Мұратбекова.

Биыл университет ұстаздары шетелдік студенттер үшін қазақша оқулық құрастырған. Соның көмегімен тілді тез арада меңгеріп алуға болады, дейді оқытушылар. Қазір университетте әлемнің 16 елінен 500-ге тарта студент білім алады.